«Аманат» комиссиясы Қаңтар оқиғаларына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы Президент Жолдауына байланысты арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Құрметті Қазақ елі! Өздеріңізге мәлім, Қаңтар оқиғаларына байланысты құрылған «Аманат» комиссиясы күні бүгінге дейін жазықсыз қамалған азаматтарды босатумен айналысып келді. Осы сегіз айдың ішінде ұзын саны 500-ден аса азамат біздің комиссиямыздың тікелей араласуымен бостандыққа шықты.
Бірақ комиссия тек жазықсыз азаматтарды шығаруды ғана өз алдына мақсат етіп қоймады. Осы уақыт ішінде жүздеген қамалғандармен тілдесіп, тағдырларына үңіліп, болған жағдайды әбден саралап, зерттеп, қаңтар оқиғаларына қатысушыларға тұтас рақымшылық жасау жөніндегі ұсынысымызды Президент атына жолдаған болатынбыз.
Бізді қолдап, сенім артып, ұлдарының тағдырын аманат еткен халықтың үмітін ақтау біз үшін ең басты міндет болды!
Бүгін, көріп отырғаныңыздай, осы бір ұсынысымыз ең жоғарғы деңгейде қолдау тауып, қаңтар оқиғаларына қатысып, қапасқа қамалған азаматтарымызға қатысты бір реттік рақымшылық жасау жайында тиісті шешім қабылданғаны Президент аузымен Парламент қабырғасында қалың елге жарияланды. Мыңдаған жанға қуаныш сыйлаған бұл сүйінші хабарды біз әділеттің салтанат құруы, гуманизм актісі деп қабылдаймыз!
Бұл — «Аманат» комиссиясы жұмысының шешуші қорытындысы, бірақ жұмысымыз бұнымен аяқталмайды, алдағы уақытта комиссиямыз рақымшылық туралы заңның жасақталуына, қолданылуына қатысты заң орындарымен бірлесе жұмыстанатын болады.
Біз өз атымыздан және қаңтар оқиғаларына қатысты қамауда болған азаматтар мен олардың тума-туыстарының атынан Мемлекет болашағын ескеріп, адамдар тағдырына қатысты осындай әділ шешім қабылдағаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үлкен алғыс айтамыз!" - деп жазды комиссия мүшесі Уайс Ерсайынұлы.