Қазақстан Еуразиялық интеграцияның іскерлік негізде болуын қолдайды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссия форумының жалпы отырысында осындай ұстаным білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еуразиялық экономикалық комиссия, меніңше, айтарлықтай тиімді жұмыс істеп тұр. Бірақ мәселе басқада және ол пікірталасқа тұрарлық. Еуразиялық экономикалық комиссияға қосымша өкілеттіктер артудың қажеті бар ма? Біз Қазақстанда бұл мәселе бойынша алға жүгірмей, біртіндеп жұмыс істеу керек деген ұстанымды қолдаймыз. Түптің түбінде Еуразиялық экономикалық комиссия - үкімет емес. Бұл – 2015 жылы қол қойылған тиісті жарғымен өкілеттіктері белгіленген атқарушы орган», - деді Президент Еуразиялық экономикалық комиссия форумының жалпы отырысында.
Мемлекет басшысы интеграция кезінде туындайтын кейбір мәселелерді драмаға айналдырудың қажеті жоқ екеніне де тоқталды.
«Меніңше, интеграция үдерісі кезінде туындайтын қандай да бір қиындықтарды драмаға айналдырудың қажеті жоқ. Бұл - қалыпты процесс. Қазақстанға келсек, іскерлік негіздегі еуразиялық интеграцияны қолдауды жалғастырып, үзеңгілес боламыз. Әрине, одақтағы бүкіл елмен прагматикалық негізде жұмыс істей береміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.