18 мам, 2021 сағат 11:48

Бұқаралық спорт көптеген адамдарға әлі де қолжетімді емес - депутат


Бұқаралық спорт өңірлердегі көптеген азамат үшін әлі де қолжетімді емес. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмилә Нұрманбетова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі таңда спорттық инфрақұрылымының қолжетімдігі, дене шынықтыру және спорт бойынша сыныптан тыс сабақтарды жүргізгені үшін мұғалімдерге қосымша ақы төлеу секілді бірқатар нормалар заңнамалық тұрғыда бекітілген. 2021 жылғы 1 мамырдан бастап мемлекеттік спорттық тапсырысты орналастыру арқылы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі іске қосылды. 2025 жылға дейінгі Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуы жол картасын іске асыру үшін балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубтарының санын 119-ға дейін ұлғайту және барлық облыс пен ірі аудан орталықтарына 128 мыңнан астам спорт секцияларын ашу көзделген», - деді Нұрманбетова Мәжіліс комитетінің кеңейтілген отырысында. 

Оның айтуынша, Қазақстан бойынша 2021 жылға 40 мыңнан астам баланы қамтитын мемлекеттік спорт тапсырысына 5 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. 

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бұқаралық спорт өңірлердегі көптеген азамат үшін әлі де қолжетімді емес. Сондықтан бүгін комитетте екі маңызды мәселе - спорттық инфрақұрылымның қолжетімдігі мен қаражатты кәсіпқой спорттан бұқаралық спортқа қайта бөлуді талқылау және оларды шешудің тиімді жолдарын әзірлеу ұсынылады», - деді Жәмилә Нұрманбетова.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева жергілікті атқарушы органдардың алдына бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеті қойылғанын еске салды. 

Жолдауды іске асыру үшін өткен жылдың соңында (2020 жылғы 30 желтоқсанда) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.

«Заңның негізгі бағыты жергілікті атқарушы органдардың қолжетімді спорттық инфрақұрылымды құру бойынша құзыретін кеңейту арқылы халықпен жұмыс істеу үшін спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз ету және балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлығы клубтарының желісін кеңейту болып саналады. Заңда қолданыстағы заңнамаға балалардың спорт секцияларын жан басына шаққанда қаржыландыру негізінде мемлекеттік спорттық тапсырыс тетігін енгізу де көзделеді. Осыған байланысты спорттық инфрақұрылымды тек қалаларда ғана емес, сонымен бірге аудандар мен ауылдарда да дамыту, халықтың іртүрлі топтары үшін спорттық объектілердің қолжетімділігі деңгейін арттыру аса маңызды», - деді Кесебаева.