29 сәу, 2022 сағат 17:32

Бүгінгі ҚХА сессиясының жөні бөлек – Асылы Осман


Қоғам қайраткері Асылы Осман бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында көтерілген мәселелері туралы айтып берді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Оның айтуынша, осы жолғы сессия қоғамның талабына сай өткен. Сессияда мемлекет басшысының қазіргі реформаларын халыққа кеңінен түсіндіріп, оны жүзеге асыруға атсасылу мәселесі қозғалған. Одан бөлек Ассамблея мүшелерінің қазақ тілінде баяндама жасағаны көңіліме медеу болды, дейді  қоғам қайраткері.

"Жиын барысында Президент қолға алынған реформалар мен Жаңа Қазақстанды қалай түрлендіретініміз жайлы баяндады. Дегенмен, айтылу бар да оны жүзеге асыру бар. Бұл реформаның барлығы 1-2 күнде болатын нәрсе емес, бірақ қазақта «алыс сапар – қадамнан басталады» деген сөз бар. Өзгерісті бәріміз бүгіннен бастауымыз керек және бұл бір-екі адамның қолынан келмейді, қоғам болып жұмылуымыз керек", - деді Аслы Осман.

Сонымен қатар ол жиында Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен мемлекеттік тіл туралы айтылғанын жеткізді.

"Атқарылып жатқан істің барлығына көңілім толады, алайда мемлекеттік тілді бірінші орынға қоямыз деп айтқанымен, оның орындалмай жатқаны көңілімді көншітеді. Ассамблеяның құрылғанына 27 жыл болды, олар қазақтың төңірегіне топтасып, еліміздегі кемшіліктерді, оның ішінде тілге қатысты мәселені  айтуы керек еді. Бірақ ондай болмады, яғни қазақ тілінің өз тұғырына қонбағаны мені ашындырады", - деді ол.