30 нау, 2022 сағат 18:02

Брюссельде Тоқаевтың елдің саяси дамуының жаңа моделін қалыптастырудағы бастамалары жоғары бағаланады


Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі Уәкіл Эльвира Әзімованың Еуропалық Одақтың астанасына екі күндік сапары аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сапар шеңберінде Э.Әзімованың Еуропалық сыртқы іс-қимылдар қызметінің (ЕСІҚ) және Еуропалық Парламенттің негізгі құрылымдарының жоғары өкілдерімен кездесулері өтті.


Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакалмен әңгімелесу барысында Еуропалық институттардың Қазақстан Республикасының сот және қылмыстық-түзету жүйесін жақсартуға бағытталған қазақстандық бастамалар мен жобаларды қолдау мәселелері талқыланды.

Адам құқықтары жөніндегі Диалог, сот төрелігі мен құқық тәртібі жөніндегі Кіші комитет, ОА-ЕО азаматтық форумы сияқты адам құқықтары саласындағы тақырыптық диалог тетіктері шеңберінде ҚР мен ЕО өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды.

Парламенттік тректегі екіжақты өзара іс-қимыл мәселелері ҚР–ЕО-ның еуропалық Парламенттегі достық тобының төрағасы – парламенттік петиция комитетінің Вице-төрағасы Рышард Чарнецкиймен талқыланды. Еуродепутат түрлі саяси ағымдар мен елдердің өкілдері болып табылатын топ мүшелері ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурызда жариялаған демократиялық реформаларға қол жеткізуде қажетті саяси қолдау көрсетуге дайын екендігіне сендірді.


Орталық Азия және Моңғолиямен өзара іс-қимыл жөніндегі Еуропалық Парламент делегациясының төрағасы Фульвио Мартушелломен кездесу барысында тараптар 2022 жылғы 12 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ҚР-ЕО парламенттік ынтымақтастық комитетінің 19-шы отырысына қатысу үшін Еуропалық Парламент делегациясының Қазақстанға алдағы сапарының егжей-тегжейін талқылады.

Өз кезегінде Э.Әзімова Еуропа Парламентінің Қазақстан бойынша тұрақты баяндамашысы Клемен Грошельді ҚР Президентінің «Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы» Жолдауының ережелерін іске асыру бойынша ҚР Үкіметімен және Парламентімен өз жұмысының негізгі бағыттары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Тараптар Еуропалық Парламентті қызықтыратын барлық мәселелер бойынша ақпарат алмасу мақсатында өз кеңселері арасындағы тікелей диалогты күшейтуге келісті.

Еуропалық Парламенттің құқықтық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Адриан Вазкез-Лазардың назары қазақстандық биліктің азаматтық, сот жүйесін реформалау және ҚР Құқық қорғау органдарының қызметі бойынша жаңа қадамдарына аударылды. А.Вазкез-Лазера сондай-ақ Э.Әзімованы адам құқықтарын қорғау саласындағы жергілікті орталықтардың қызметімен танысу мақсатында Испанияға жұмыс сапарымен келуге шақырды.


Өз кезегінде Еуропалық Парламенттің Сыртқы істер жөніндегі комитетінің және Адам құқықтары жөніндегі Кіші комитеттің мүшесі Начо Санчез-Амор Э.Әзімованың «Қаңтар трагедиясын» тергеу барысында ҚР азаматтарының құқықтарын қорғау жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады. Ол сондай-ақ ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін арттыру және алқа билер сотының мандатын кеңейту туралы бастамасын қолдады.

Еуропалық Парламенттің Еңбек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитетінің өкілі Атидже Алиева-Велимен ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары бойынша, оның ішінде ҚР Үкіметінің КВИ пандемиясының теріс әсерін еңсеру бойынша дағдарысқа қарсы шараларды іске асырумен, сондай-ақ ҚР әртүрлі қалаларындағы қаңтар оқиғалары кезінде келтірілген залал бойынша пікір алмасу болды.

Брюссельге сапары аясында Э.Әзімова Брюссель баспасөз клубының мүшелері мен қонақтарының алдында жеке баяндама жасады. Баспасөз конференциясына қатысушылардың ерекше қызығушылығын адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қаңтардағы оқиғалар мәнмәтініндегі ҚР азаматтарының құқықтарын қорғау жөніндегі қызметі тудырды.