14 сәу, 2021 сағат 15:52

Бруцеллезге қарсы рұсат етілген вакциналар тізімін қайдан табуға болады?

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына берген жауабында бруцеллезге қарсы вакцинаға қойылатын жаңа талаптарды атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Вице-Премьердің айтуынша, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімі бойынша 2021 жылдан бастап халықаралық GMP стандарты Қазақстандағы барлық биопрепарат өндірушілер үшін міндетті болып табылады. 

«Ауыл шаруашылығы жануарларына ветеринариялық қағидаларды бекіту туралы» Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 7-1/587 бұйрығының 1088-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында бруцеллезге қарсы вакциналауға жол беріледі. Бруцеллезге қарсы вакцина Қазақстанда немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген болуы және www.oіe.іnt сайтында жарияланған, Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымы ұсынған тізімде болуы тиіс», - деп жазылған жауапта. 

Мал иесі екпе салу үшін бруцеллезге қарсы вакцинаны өзі таңдай алады. Бірақ ол таңдаған екпе жоғарыда аталған талаптарға сай болуы міндетті. 

«Жануар иесі жергілікті атқарушы органның ветеринариялық дәрігеріне екпе жүргізетінін 7 күн бұрын хабарлауы керек. Сондай-ақ таңдалған вакцинаның түрі және оны қолдану әдісі туралы мәлімет береді», - делінген Роман Склярдың жауабында. 

Премьер-Министрдің орынбасары өз жауабында АӨК Дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы күрес жөніндегі стратегияға халықаралық талаптарға сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарда бар екенін мәлім етті.