Әлеуметтік желілерге тараған видеодан әуежайдың барлық қызметкерлері мен жолаушылар қауіпсіз жерге шығарылып жатқанын көруге болады.
«15 желтоқсан күні сағат 02:00-де Шымкент әуежайының электронды поштасына әуежай ғимаратында бомба қойылғандығы туралы хат келіп түсті. Барлық қызметтерге хабарланды», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, әуежай терминалынан адамдар эвакуацияланған.
Полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қалалық департаменті әуежай қызметімен бірлесіп, арнайы іс-шаралар өткізген.
Нәтижесінде, Шымкент әуежайына бомба қойылғаны туралы хабарлама жалған болып шықты.
Ал Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек Қылмыстық кодекстің 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша тіркелгенін мәлім етті.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етуге жатпайтыны айтылды.