27 қаз, 2020 сағат 17:25

Бөгде жанның пәтеріне портал арқылы адамдарды тұрақты тіркеген елордалық ұсталды

Елорда аумағында «HI-TECH» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, шараның алғашқы күнінде құқық қорғаушылар 8 киберқылмысты әшкерелеп, оларға қатысы бар 7 адамды ұстады. 

Мәселен, 12 қазанда елорда тұрғыны полицияға жүгініп, белгісіз біреудің «Электронды үкімет» порталы арқылы пәтеріне бөгде адамдарды тіркеп қоятындығына шағым түсірді. Осыдан кейін ақпараттық жүйеге заңсыз араласу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

IP-мекенжаймен жедел іздеу шаралары барысында полиция қызметкерлері шағымданушының аккаунтына заңсыз кіріп, ақшалай сыйақыға азаматтарды тіркеп отырған 21 жастағы жұмыссыз жігітті ұстады. Күдіктіден қылмыстық әрекетін жүзеге асырған компьютер тәркіленді. 

«Сонымен қатар банк картасынан ақша ұрлау күдігімен елорданың 29 және 34 жастағы тұрғындары ұсталды. Күдіктілер түрлі сылтаумен таныстарының банк карталарының реквизиттерін алып, интернет-банкинг арқылы ақшаларын ұрлаған. Ұрланған ақшасомасы 385 мың теңгені құрайды. Күдіктілер барлық қаражатты спорттық бәсеке тігіп жіберген. Ұсталғандарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 188-бабы 2-тармағы бойынша 2 қылмыстық іс тергеліп жатыр», - деп атап өтеді департаменттен. 

Мұнан бөлек, полиция қызметкерлері әлеуметтік желі арқылы танысқан жігіттің атынан заңсыз онлайн несие рәсімдеген 19 жастағы бойжеткенді қолға түсірді. Күдікті зардап шегушіні алдап, оның жеке мәліметтерін алғаннан кейін интернет арқылы 150 мың теңге несие рәсімдеген. Содан кейін аккаунтын өшіріп тастаған. Шағымданушы кредит жайында коллектор қоңырау шалғанда ғана біліп, полиция көмегіне жүгінген. 

Сондай-ақ елорда аумағында авторлық және аралас құқықты бұзғаны, арнаулы техникалық құралдарды сатқаны және порнографиялық материалдарды таратқаны үшін 3 адам ұсталды. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 198, 399 және 311-баптарымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды.