30 қаз, 2020 сағат 10:27

БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысы пара алу күдігімен ұсталды

Батыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы пара алу күдігімен ұсталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өткен 2 аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі 80-нен астам тергеуді тіркеді. 8 лауазымды тұлға ұсталды, 6 адамға қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды», - деді деді Д. Биғайдаров Facebook парақшасында өткен онлайн брифингіде.

Оның сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Батыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшысы мен оның сыбайласына қатысты тергеуді бастады. 

«Олар 2020 жылғы 12-23 қазан аралығында компания директорынан жалпы сомасы 78 000 000 теңгеге медициналық жабдықтарды жеткізуге мемлекеттік сатып алу туралы ЖШС-мен бұрын жасалған шарттар бойынша орындалған жұмыстар мен қабылдау актілеріне кедергісіз қол қою үшін пара түрінде жалпы сомасы 7 800 000 теңге алған», - деді агенттік өкілі. 

Белгілі болғандай, мемлекеттік мекеменің басшысы және оның сыбайласы ҚР ҚПК 128-бабы тәртібінде ұсталып, Орал қаласының полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамалды.