20 там, 2020 сағат 20:19

БҚО-да жасөспірім қызбен жыныстық қатынасқа барған тұрғынға үкім шығарылды

Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен Анатолий Марченкоға қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталмыш соттың баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, А.Марченко ҚР ҚК 120-бабы 4-бөлігімен (жас баланы зорлау) айыпталған болатын. 

Айыптау актісіне сәйкес сотталушы 12 жастағы жәбірленушінің жастығына байланысты өз іс-әрекетінің мәнісін түсінбейтінін пайдаланып, онымен жыныстық қатынасқа барған. 

Алайда алқабилер істі қарай келе, көпшілік дауыспен жәбірленуші өзінің дене және психикалық дамуына сай өз әрекетін түсіне білген, жыныстық қатынас оның келісімімен жасалған деген қорытындыға келді. Сотталушы күш қолданбаған, зорлық әрекеттеріне бармаған, бұл жерде 16 жасқа толмаған жасөспіріммен ерікті түрде жыныстық қатынас жасалған. 

Алқабилердің шешімі жасырын дауыс беру арқылы қабылданады. Судья бұған ықпал жасай алмайды. 

Осылайша сотталушының әрекеті ҚР ҚК 122-бабы 1-бөлігімен (бұл ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады) сараланды. 

Алқабилер А.Марченконың бұрын сотталмағанын, бір жасар баласы бар екендігін, жағымды мінездемесін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. 

Көпшілік дауыспен сотталушының 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.