Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
БҚО-да тікұшақ апатынан 4 адам қаза тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
"Соңғы мәліметтер бойынша, ТЖМ іздеу тобы тікұшаққа жетті. Авиациялық оқиға салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті қаза тапқан азаматтардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады" - делінген хабарламада.
Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР ИИДМ Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тексеру департаментінің қызметкерлері авиациялық оқиға орнына барады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов та қаза тапқандар туралы ақпаратты растады.
"Қатты екпінмен қону салдарынан ТЖМ "Қазавиақұтқару" қызметкерлері қаза тапты. Біздің қызметкерлеріміз", - деді ол.
Айта кетейік, бүгін, 23 ақпанда сағат 15:50-де Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино елдімекенінен 6 шақырым жерде "Қазавиақұтқару" АҚ-тың 2021 жылы шығарылған Ми-8 АМТ тікұшағы жерге қатты екпінмен қонған. Бортта 6 адам - 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 1 өкілі болған.
МИ-8 АМТ Атырау - Орал - Атырау бағытымен "Қазтрансойл" АҚ тапсырысы бойынша мұнай құбырын тексерген.
Оқиға орнына ТЖД қызметкерлері жіберілді.