Ақжайық аудандық №2 сотында Руслан Макишевке қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО сотынан алынған мәліметке қарағанда, 1992 жылғы Р.Макишев ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды.
Ол 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.
Сот жаза тағайындаған кезде бұрын сотталған Р.Макишевтің әрекетінде қылмыстардың қайталануы бар екендігін ескерді.
Сот талқысында мәлім болғанындай, биылғы ақпан айының ішінде Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылының тұрғыны Р.Макишев «Фольксваген Шаран» автокөлігін жылы жерге орналастырмақ болып, БҚО ТЖ департаменті №27 өрт сөндіру бекетінің арнайы қоймасына заңсыз қойған. Сөйтіп төтенше жағдай бола қалған өрт сөндіру техникаларының оқиға болған жерге уақтылы шыға алмау қаупін төндірген. Келесі күні таңмен өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ақан Нұрғалиев аталмыш автокөлікті көріп, сыртқа шығартқызып тастаған.
Кейін наурыз айында А.Нұрғалиев түнгі мезгілде Р.Макишевтің арақ ішкен мас күйінде келіп, кезекшіліктегі қызметкерлердің қалыпты қызмет етуіне кедергі келтіріп жүргенін білген. Содан кейін оны шақыртып алып, автокөлігін рұқсатсыз қойғаны және мас күйінде қызметкердің мазасын алғаны үшін ескерту жасап, сондай әрекеттері қайталанатын болса, полицияға хабарлайтынын айтқан.
Алайда 25 наурыз күні сағат 22.30 шамасында Р.Макишев мас күйінде өрт сөндіру бөліміне қайта келіп, кезекшілікте болған жүргізуші Н.Мұрсалимовтан бастығын шақыртуын талап еткен. Рұқсатсыз қызмет бөлмесіне кіріп, өзінің заңсыз іс-әрекеттерін жасыру мақсатында бейнекамераларды сындырып, істен шығарған.
Қызмет орнына келген А.Нұрғалиев Р.Макишевтен үйіне барып, демалуын өтінген. Әйтсе де Р.Макишев оның заңды талабына бағынбай, қызмет киімінің жағасынан алып, күш қолданған. Ақыры А.Нұрғалиев бетіне тиген соққылар салдарынан оқиға орнында есінен айырылған.
А.Нұрғалиев есін жиып, өз-өзіне дұрыс келместен, бас киімсіз, жалаң аяқ Р.Макишевтің үйіне барып, сыртқа шақырған. Сотталушы үйдің ауласына шығып, тағы да әлденеше рет соққы жұмсаған.
А.Нұрғалиев әке-шешесінің үйіне барып, жазғы сарай ішінде есінен айырылып қалған. 26 наурыз күні сағат 08.30-да оны ес-түссіз күйінде жеңгесі тапқан. Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізілгенімен, бір күннен кейін сағат 05.03-те А.Нұрғалиев алған жарақаттары салдарынан қайтыс болды.
Р.Макишев кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушіні өлтіру ойында болмағанын жеткізді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.