22 ақп, 2021 сағат 17:50

БҚО-да құны 17 млн теңгеден асатын киік мүйізін алып бара жатқандар ұсталды

Батыс Қазақстан облысының шекарашылары жүксалғышына 219 киіктің жаңа кесілген мүйізін алып бара жатқандарды ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиға 2021 жылдың 20 ақпанында болған. Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі департаментінің әскери қызметшілері БҚО бойынша Экономикалық қылмыстарды тергеу департаменті және облыстық ПД Криминалды полиция басқармасымен бірлесіп, жүксалғышына 219 киіктің жаңа кесілген мүйіздері тиелген жеңіл автокөлікті ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ұсталған азамат көліктегі жүгімен бірге Орал қалалық полиция басқармасының Зачаган полиция бөліміне тапсырылды. 

Тасымалдаушы Қазақстан азаматына қатысты ҚР Заңы ҚК-нің 339-бабы (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын 17440000 теңгені құрайды.