2020 жылдың мамыр айында Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті экспорттық бақылау қызметкерлері «Сырым» автомобиль өткізу пунктінде мемлекеттік шекарадан өтіп бара жатқан кезде 10-нан астам атауы бар декларацияланбаған тауар салынған 15 жүк көлігін ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматыдан Ресейдің Пенза облысына бағыт алған «SERTTRANS» ЖШС-не тиесілі тауар құны 1 млрд 003 млн теңге, сл салмағы 263 000 келі болды.
Жүк көліктерін тексеру кезінде тауарлық-ілеспе құжаттарынсыз әкетуге тыйым салынған қосымша дәрілік заттар, антисептиктер, жеке қорғану құралдары да табылды.
Бұдан басқа, тасымалдаушы халықаралық үлгідегі CMR тауар – көлік жүк құжаттарын ұсынды, онда жүкті жөнелтуші «SERTTRANS» ЖШС болып көрсетілген.
Іс жүргізу барысында «SERTTRANS» ЖШС-нің ұсталған тауарға қатысы жоқ екені анықталды, сонымен қатар аталған заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу жарамсыз деп танылды.
«Алайда, үшінші тұлғалар тарапынан жасалған тасымалдау шарты мен сатып алу-сату шартының болуын уәждей отырып, ұсталған тауарға меншік құқығын мәлімдеу әрекеті жүзеге асырылды.
Осыған байланысты, БҚО және Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменттері бірлесіп аталған шарттарды жарамсыз деп таныды, сот актілері заңды күшіне енді.
Бұдан әрі, Департамент үшінші тұлғалардың сот актілері негізінде орын алған талаптарды алып тастай отырып, Орал қаласының №2 сотына ұсталған тауарды иесіз деп тану және оны мемлекет кірісіне айналдыру туралы өтінішпен жүгінді.
Соттың 2022 жылғы 22 ақпандағы шешімімен Департаменттің мәлімделген талаптары толық көлемде қанағаттандырылды. Шешім заңды күшіне енген жоқ»,-делінген хабарламада.