12 қыр, 2022 сағат 12:45

БҚО-да қаржы пирамидасын ұйымдастырған әйел 5 жылға сотталды


Батыс Қазақстан облысында "Нұр жиһаз" қаржылық пирамидасын ұйымдастырған әйел 5 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"ҚМА БҚО бойынша департаменті жеке тұлғалардан қаражатты тарта отырып, "Нұр жиһаз" онлайн жобасында жиһаз ойнату арқылы, міндетті түрде жаңа салымшыларды тарту шартымен қаржылық пирамидасын ұйымдастырған әйелге қатысты қылмыстық істі аяқтады", - делінген хабарламада.

Тергеу барысында 7,5 миллион теңгеден аса мүліктік залал келтірілген 153 азамат анықталды.

"Сот істі талқылап, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған азаматшаны кінәлі деп танып, қаржылық және коммерциялық ұйымдарды басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады", - деп толықтырды ҚМА баспасөз қызметі.