16 сәу, 2021 сағат 15:32

БҚО-да 2,4 тонна балықты заңсыз тасымалдаған екі автокөлік ұсталды

Батыс Қазақстан облысында 2,4 тонна балықты заңсыз тасымалдаған екі автокөлік ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, аталған қылмыс «Бекіре» жедел алдын алу іс-шарасы аясында анықталды.

Орал-Атырау жолы бойында Ақжайық ауданы Ақсуат ауылы маңында 1976 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан «Газель» автокөлігі тоқтатылды. Ол 1298 кг қара балықты заңды құжаттарсыз алып келе жатқан.

Сондай-ақ 14 сәуір күні сағат шамамен 20.00-де Теректі ауданы Подстепный ауылында салынып жатқан үйдің аумағында 1991 жылғы жүргізушінің автокөлігі ұсталды. Бұл автокөліктен тиісті құжаттары жоқ 1 168 кг қара балық шықты.

Тәркіленген балық пен уылдырық «Каспий Урал» ЖШС-на сақтауға тапсырылды.

Қазіргі кезде екі оқиға бойынша ҚР ҚК 196-бабы 1-бөлігіне (көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті иемдену немесе өткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.