26 шіл, 2022 сағат 09:26

Бизнес жаңа карантин шаралары ауыр соққы болады деп алаңдайды - «Атамекен»


«Атамекен» ҰҚП алаңында коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты қызыл аймаққа көшу жағдайында карантиндік шектеу шаралары талқыланды. Жиынға 150-ден астам кәсіпкерлік қауымдастық өкілі, сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық палата өкілдері қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған шаралардың ішінде Ashyq бағдарламасын пайдалану, бұқаралық іс-шараларды 50%-ға дейін шектеу, қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру, сондай-ақ вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге әлеуметтік қашықтық, маска режимі және жедел тестілеуді қолдану бар.

Карантин шаралары талқылау кезінде бизнес-қауымдастық қатаң шектеу шараларын енгізу бұрынғы шектеулерден қалпына келе бастаған бизнеске үлкен соққы береді деп санайды.

«Кәсіпкер мен жеке тұлға арасындағы жауапкершіліктің аражігі ажыратылып жазылғанын қалаймын. Әлеуметтік қашықтықты сақтау, маска режимі. Келушілер маска режимін сақтамаған жағдайда шегі жоқ айыппұл салдарынан бизнестің жабылып қалған жағдайлар қандай болғанын бәріміз білеміз. Бизнеске айыппұл салып, кедергі келтіреді. Сондықтан жауапкершілікті нақты жазайық. Кәсіпкер бүкіл халық үшін жауап бере алмайды», – деді Бөлшек сауда және тамақтану қауымдастығының президенті Марина Бошель.

Кәсіпкерлер карантин шаралары немесе локдаун болса, мемлекеттен қандай қаржылай көмек болатынын білгісі келеді.

«Егер шектеу енгізілетін болса, салық төлеу жағын шешу керек. Өйткені шектеу басталысымен бизнестің шығыны еселене түседі. Тіпті маскалардың өзі үлкен шығын. Онда салық төлеу мен тексеруге мораторий енгізуді қарастыру керек. Осы панедмия болған үш жылда бизнесті әуре-сарсаңға түсіргені ешкімге жасырын емес», – деді Марина Бошель.

«Ashyq-ты енгізу, маска режимін енгізу жаңа жұмыс бірлігін ашуды қарастырады. Біз қайтадан күзетке адам жалдап, қайтадан кіреберіске адам қоюымыз керек болады», – деді қауымдастық өкілі Ольга Егорова.

«Бізде шын мәнінде азаматтардың денсаулығы мен бизнесті оңалту арасында өткір мәселе тұр.  Иә, коронавирус қауіпті. Бірақ бұл жайт санитар дәрігерлер ел экономикасын басқаруы керек дегенді білдірмейді. Күніне 500-ден 700 мың теңгеге дейін кез-келген қоғамдық тамақтану кәсіпорны жұмыс істейді. Егер бұл екі күн немесе одан көп болса, онда сома жоғары болады. Егер қазір мемлекет локдаунға жабылса немесе бизнес бойынша қандай да бір шектеулер болса, қоғамдық тамақтанудан 60 мың нысанның жартысы қалады, яғни бүкіл ел бойынша 30 мың қоғамдық тамақтану объектілері жабылады», – деп атап өтті қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.

Кәсіпкерлердің пікірінше, қатаң карантиндік шаралар басқа салаларға да қауіп төндіреді.

«Біз әлі аяққа тұрмадық. Техниканы жаңарта алмадық, ақша таппадық, қазір біз көптеген жүргізуші, барлық деңгейдегі мамандардан айырылдық. Яғни, бұл жай ғана бизнесті емес, тұтас саланы жоюға апарады», – деп атап өтті «Қостанай облысының жолаушылар көлігімен тасымалдаушылар қауымдастығының, автовокзалдар мен автостанциялардың» бас директоры Леонид Кушнеров.

«Ковид ұзақ уақытқа келді, әрқашан бізбен бірге болады. Біз оған дайын болуымыз керек. Вирус салдарына дайындық – әлеуметтік қашықтықты сақтау, маска режимі, көшедегі дұрыс жүріп-тұру. Қалған шектеулер мүлдем заңсыз. Біз тек аяққа тұра бастадық. Бизнеске қатысты ешқандай шектеу шаралары енгізілмеуі тиіс. Тек санитариялық жоспар орынды. Бизнес ендігі қатаң шектеулерге төтеп бере алмайды», – деді туристік саланың өкілі Инна Рей.

Талқылау барысында ақпараттық қауіпсіздік сертификаты жоқ және өнеркәсіптік пайдалануға берілмеген Ashyq енгізудің заңдылығы мәселесі көтерілді. Бұл мәселе бойынша кәсіпкерлер алаңдаушылығын ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Сәуле Ахметова сейілтті.

«Ashyq платформасы аруханалардағы төсек-орын қорының 50%-дан астамы толған кезде қолданылады. Егер денсаулық сақтау жүйесі үлгермей қалса, онда 2020 жылдағы жағдай қайталанады, сонда Ashyq енгізіледі. Қазіргі кезде Ashyq ақпараттық қауіпсіздікке сынақтан өтіп жатыр. Бағдарлама жақын арада өнеркәсіптік пайдалануға беріледі. Жыл бойы ол тәжірибелік пайдаланудан өтті. Яғни, тәжірибелік пайдаланудан кейін ол өнеркәсіпке енгізіледі», – деп түсіндірді Сәуле Ахметова.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі сонымен бірге қазіргі кезде ұсынылған шаралар Денсаулық сақтау жүйесіне жүктемені ескере отырып, жаңа матрицаға негізделгенін түсіндірді. Сары аймақта шаралар ұсынымдық сипатта болады. Ал қызыл аймақ кезінде өткен жылмен салыстырғанда жұмсақ нұсқа ұсынылады.

«Мен бизнес пен азаматтық қоғамдастықтың осы шектеу шараларына қатысты алаңдаушылығын түсінемін. Осы алаңдаушылықты жою үшін және тұтастай алғанда, ортақ, сараланған шешім қабылдау үшін мен Денсаулық сақтау министрлігінен 2020-2021 жылдарға арналған шектеу шараларының тиімділігі туралы толық мәлімет беруді сұраймын. Бөлінген қаражат, вакцинация, барлық алдын алу шараларының қаншалықты тиімді болғанын, ПТР-тестілеу, маска режимінің, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды пайдаланудың тиімділігін талдауды халық көруі үшін бағалау мен талдауды жүргізу және осы ақпаратты ашық жариялау керек. Бағалау және талдау бойынша осы деректердің барлығы бизнеске, қоғамдастыққа ұсынылсын, талдансын, содан кейін осы талдау мен бағалау негізінде бизнеспен бірлесіп талқылансын және сараланған пікір қабылдансын», - деп ұсынды «Қазақстанның Мединдустриясы» отандық медициналық бұйымдарды, медициналық өнімдерді өндірушілер одағының басқарма төрағасы Серікбол Мұсинов.

Кеңес қорытындысы бойынша бизнестің барлық ұсынысы, қарсылығы мен қауіптері қызыл аймақ үшін карантиндік шараларды әзірлеу кезінде есепке алу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіледі.