сурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы 2023 жылғы ораза және намаз кестесін жариялады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" muftyat.kz сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мұсылман үмметі үшін ұлық саналатын Рамазан айы жайлы баяндап, журналистердің сұрағына жауап берді.
«Біз Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылдадық. Алла қаласа, биыл рамазан айы 23 наурызда басталады. Ал сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі» - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ, ол биылғы пітір садақасының мөлшерін айтты.
«Биыл пітір мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады» - деді ҚМДБ төрағасы.
Өзге өңірлердегі ораза және намаз уақыттарын ҚМДБ сайтынан жүктеп алуға болады.