23 қыр, 2020 сағат 09:30

Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 2,5 мың қылмыстық іс қозғалды

Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бойынша 130 мыңға тарта шағым келіп түсті. Бұл туралы ҚР Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Статистикаға тоқталсақ, биылғы 8 айда тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бойынша 130 мыңға тарта өтінім келіп түсті. Нәтижесінде 2,5 мыңы бойынша қылмыстық іс қозғалды, 30 мыңға жуығы - әкімшілік іс санатында. Ал қалған жағдайларда жәбірленушілер шағымнан бас тартқандықтан тиісті шараларды қолдана алмадық», - деді вице-министр Мәжілістің жалпы отырысында. 

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру мақсатында әзірленді.