20 мам, 2021 сағат 14:44

Биыл өндірістік жарақат салдарынан 59 адам қаза тапты


Биыл өндірістік жарақат салдарынан 59 адам қаза тапты. Бұл туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылы республика кәсіпорындарында орын алған қайғылы оқиғалардан 1 503 адам зардап шекті. Қаза тапқандардың саны 15,5 пайызға артып, 208 адамға жетті. 2019 жылы 180 адам қаза тапқан еді», - деді Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның атап өтуінше, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай, Павлодар облыстарындағы тау-кен металлургиялық кешен кәсіпорындарында жарақаттану деңгейі жоғары болып отыр. Өткен жылы бұл салада 304, ал құрылыс саласында 175 адам жарақаттанған. 

«Осы жылдың 4 айында ғана еліміздің кәсіпорындарында 462 адам зардап шегіп, оның 59-ы қаза тапты. Бұл 2020 жылдың 4 айымен салыстырғанда 11 пайызға жоғары», - деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.