18 қар, 2021 сағат 12:16

Биыл Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсімі 3,5 пайыз болды - ҰБ


Биыл Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 3,5 пайыз өсті. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру мақсатында дайындалған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әлемдік және ұлттық экономикаларды белсенді қалпына келтіру динамикасына сүйенеді. Мемлекет басшысының іске асырылып жатқан дағдарысқа қарсы бастамалары қысқа мерзімде ұлттық экономиканы пандемияға дейінгі деңгейге қайтаруға мүмкіндік берді. Биылғы жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша, мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін 70 АҚШ доллары болған кезде Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсуі 3,5 пайыз болды. Бұл серпін Қазақстан экономикасын дамытудың оптимистік сценарийіне сәйкес келеді, бұл ретте Ұлттық банк ішкі жалпы өнімнің 2021 жылы 3,7-4,0 пайыз деңгейінде өсуін күтеді», - деді «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» баяндаған Ерболат Досаев. 

Оның атап өтуінше, әлемдік және ұлттық экономикалардың осындай тез қалпына келуі жалғасып келе жатқан фискалдық ынталандыру бағдарламалары мен жеңіл ақша-кредит талаптарының нәтижесінде мүмкін болды. 

Сонымен қатар, бұл факторлар тұтынушылық сұраныстың қалпына келуіне және әлемде инфляциялық қысымның айтарлықтай өсуіне алып келді. 

«Осы жылдың басынан бері бағаның өсуі тарихи ең жоғары көрсеткіштерді жаңартуда. Әлемнің ірі экономикаларында инфляция жаңа ең жоғары көрсеткіштерге жетті: АҚШ-та ол 30 жылдық ең жоғары көрсеткіш 6,2 пайызға дейін, Еуроодақта 4,1 пайызға дейін жетті. Жоғары инфляциялық қысым жағдайында АҚШ Федералды резервтік жүйесі мен Еуропа Орталық банкі ынталандыру іс-шараларын қысқарта бастады. Қыркүйекте Еуропа Орталық банкі облигацияларды сатып алу көлемін қысқарту ниеті туралы жариялады. АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі биылғы жылғы 3 қарашада осы жылғы желтоқсаннан бастап ай сайын 15 млрд АҚШ долларына сандық жеңілдету бағдарламасының қысқартыла бастағаны туралы жариялады. Ресейде инфляция бойынша 8,1 пайыз деңгейіндегі 5 жылдағы ең жоғары көрсеткіш аясында Орталық банк негізгі ставканы белсенді түрде көтеруге кірісті – ол биылғы жылдың басынан бастап 7,5 пайызға дейін 3,25 пайыздық тармаққа жинақталып көтерілді. Қазақстанға әкелінетін тауар импортындағы Ресейдің үлесі 2020 жылдың қорытындысы бойынша 35,4 пайыздан осы жылғы 9 айда 41,1 пайызға дейін ұлғайғанын ескере отырып, Қазақстандағы бағаларға сыртқы қысым өсті», - деді ҰБ төрағасы.