04 қаз, 2024 сағат 11:51

Бишімбаев неге ата-ана құқығынан айырылмады?

Фото: Жоғарғы сот

Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы оны ата-ана құқығынан айыруды талап еткен, алайда сот бұл талапты қанағаттандырмаған. Астана сот әкімшілігі департаменті өкілдері NUR.KZ басылымының ресми сауалына берген жауабында мұның себебін түсіндірді.

Жауапта айтылғандай, Назым Қаһарманның арызы Астана қаласының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралғанымен, оның арызы қанағаттандырылмаған.

Соттың шешімі ата-аналарды ата-ана құқығынан айыру, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы" туралы Кодекстің 75-бабында қарастырылмаған негіздер бойынша мүмкін емес деп түсіндіріліп отыр. Соттың мәлімдеуінше, Кодекстің 75-бабына сәйкес, ата-аналар мынадай жағдайларда ата-ана құқығынан айырылады:

  • • Ата-ана міндеттерін орындаудан жалтарған жағдайда, соның ішінде алимент төлеуден қасақана бас тартса;
  • • Баласын перзентханадан, балалар үйінен немесе ата-анасыз қалған балаларға арналған мекемелерден алудан негізсіз бас тартса;
  • • Ата-ана құқықтарын асыра пайдаланса;
  • • Баласына қатыгездік көрсетсе, соның ішінде оған физикалық немесе психологиялық зорлық-зомбылық жасаса, оның жыныстық тиіспеушілігіне қауіп төндірсе;
  • • Құмар ойындармен, бәс тігумен, ішімдік немесе есірткі заттарымен шектен тыс әуестенсе.
"Сотта жауапкердің балалардың денсаулығы, адамгершілік тәрбиесі, физикалық, психикалық және рухани дамуы, материалдық қамтылуы, білімі және еңбекке дайындығына тиісті көңіл бөлмегені туралы дәлелдер келтірілмеген," - деп мәлімдеді Астана қаласының сот әкімшілігі департаменті.


Сондай-ақ, бұл шешім әлі заңды күшіне енбегені атап өтілді.

Еске салайық, Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман оны ата-ана құқығынан айыруды талап еткенін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ ол Жоғарғы Сот пен Бас Прокуратураға үндеу жасап, баспасөз конференциясында сөз сөйлеген.

Адвокат Мәдина Уатбекова ата-ана құқығынан айыру туралы арызда Қуандық Бишімбаевтың отбасы мүшесін өлтіру және балаларға психологиялық зорлық көрсету деген екі негізді көрсеткенін атап өткен.