22 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай батыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда жұмыс істейтін жас дәрігерлердің тұрғын үйіне қатысты пікірін Facebook-те жариялады.
Министр жергілікті әкімдік «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылға 3 жылға жұмыс істеуге келетін дәрігерлерге «тұруға жарайтындай» үй бермей отыр деген болатын.
Дәрігер тұрған жекеменшік үй
Араға 1,5 ай салып, Қабанбай ауылындағы дәрігерлердің тұрғын үйін көруге аттандық. Алдымен министр аралаған екіқабатты жекеменшік ғимаратқа бардық. Бұл жерде коммуналдық шығындарды қоса есептегенде бір бөлменің ақысы – 35 мың теңге. Дәрігер жалдап тұрған бөлме жабық тұрды.
Әрі қарай амбулаторияға жол тарттық. Бір ғана дәрігер бар екен. Есімі – Азат Темірбеков, жалпы тәжірибелік дәрігер. Аталған жатақханада тұрған. Бірақ қазір жұмысқа Нұр-Сұлтаннан қатынап жүр.
«Министр келген кезде дәрігер қызбен сөйлескен. Қазір ол маман Алматы қаласының тұрғынына тұрмысқа шығып көшіп кетті. Ол «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 2 жыл бұрын келген. Министрге жақсы тұрғын үй болса деген өтініш айтады. Содан кейін Елжан Біртанов екіқабатты жекеменшік ғимаратқа барған. Бірақ қыз ол үйде емес, басқа жатақханада тұратын. Ал мен сол министр барған жекеменшік ғимараттың екінші қабатында 1 бөлмені 35 мың теңгеге 6 айдай жалдап тұрдым. Көктемде жылу сөндірілген үй қатты суып кетіп, ауырып қалдым. Содан кейін көшуге тура келді. Қазір Нұр-Сұлтанда пәтер жалдап тұрамын. Күніге таңертең келіп, кешке кетемін», - деді дәрігер.
Азат Темірбеков ауылдық әкімдікке апта бұрын барған. Үй мәселесін шешіп беруін өтінген. 2 жылдан бері ешқандай нәтиже болмаған. Енді 1 жылдан кейін «отработка» мерзімі де аяқталады.
«2017 жылы Астана медицина университетін бітірдім. Қосшы ауылында 1 жылдай дәрігер болдым. Кейін осында ауыстырды. Міне осы амбулаторияда істеп жатқаныма 1 жыл болды. Үймен қамтамасыз еткен жоқ. Өзім тауып тұрдым. Мүмкін 50% өтеп берер деген үміт болды. Әкімдікке бардым. Ешқандай нәтиже жоқ. Осыдан апта бұрын ғана барып, ауылдық әкімнің орынбасарымен сөйлестім. Әкім орнында жоқ екен. Әкім келген соң жауабын айтамыз деген. Қазір енді күнде қаладан келіп жұмыс істеймін. Себебі мұнда тұратын жер жоқ. Университетте «ауылдық квотамен» тегін оқыған соң Қазақстанның ауылдық жерінде 3 жыл жұмыс істеу керек. Енді бір жылым қалды», - деді жас маман.
Ауылдық амбулатория
Айтуынша, қазір амбулаторияда жалғыз өзі ауылдықтарды қабылдайды. Бұл ауылда 9 мың тұрғын бар. Жұмысқа тұру үшін келетін жас мамандар тұратын жер жоқ деп кетіп қалады.
«Бір бөлімшеге жалғыз дәрігермін. Екінші дәрігер медициналық пойызбен 8 айға кеткен. Жақында келу керек. Біреуі жаңағы министр сөйлескен қыз, Алматыға көшіп кетті. Енді тағы бір жас маман келе жатыр деп естідік. 4 участокке 4 дәрігер болу керек. Кеше жұмыс іздеп жас дәрігер келді, бірақ үймен қамтамасыз етпейді екен деп кетіп қалды», - деді Темірбеков.
Дәрігерден шығып ауылдық әкімдікке жеттік. Әкім орнында жоқ екен. Оның орынбасары Шәмшіғали Оспанов қабылдады. «Дипломмен ауылға» келген дәрігерлердің тұрғын үйі бар ма?» деген сұрақ қойдық.
Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай батыр ауылдық округінің әкімдігі
«Қазір әкім ауданға жиналысқа кетті. Келген соң жауап береміз. Ертең түске дейін хабарласамыз», - деді.
Сендік. Ертесі түске дейін Шәмшіғали Оспановқа хабарластық. Әкім құжат жұмыстарымен шығып кеткенін, түстен кейін жауабын беретінін» айтты.
Ауыл әкімдігінен сағат 17.43 хат келді. Онда біз сұраған жас дәрігерлердің тұрғын үйіне қатысты емес, жалпылама жауап жазылған.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауданымызда ауылды жерлерге жұмысқа келген әлеуметтік салалар мамандарына қолдау көрсету шаралары қарастырылған.
Қолдау шаралары: 70 айлық есепті көрсеткіш (176750 тенге) көлеміндегі көтерме ақы бір жолғы жәрдемақыны төлеу; 1500 айлық есепті көрсеткіш (3787500 тенге) көлемінде тұрғын үй алуға немесе құрылысы үшін бюджеттік несие қарастырылған;
Бағдарламаға қатысу үшін келесі құжаттар қажет: Өтініш; Жеке куәлігі көшірмесі; Жаңа жұмыс орнының кадрлық қызметтен расталған еңбек кітапшасы көшірмесі; Азаматтарды тіркеу мекен – жәй анықтамасы; Білімі туралы диплом көшірмесі; Салық төлеушінің тіркелуі жөніндегі куәлік; Әлеуметтік жеке кодын алғаны жөнінде куәлік көшірмесі; ҚР қолданыстағы заңына сәйкес тұрғын үйді сату-сатып алу туралы алдын ала келісімшарты», - делінген ресми хатта.
Видео: Кенжетай Ақсейітов
Рахиля БЕКНАЗАРҚЫЗЫ