Қостанай облысының полиция қызметкерлері «Hi-tech» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде интернет арқылы несие рәсімдеген күдіктілер ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жедел операция ақпараттық технологиялар, авторлық құқықтарды қорғау саласындағы қылмыстармен күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған. Екі күннің ішінде криминалдық полиция қызметкерлері 13 интернет-алаяқты анықтады. Мәселен, Қостанай қаласында полицейлер бес факті бойынша интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен 26 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
«Қаскүнем облыс орталығының тұрғындарына шағын несие ұйымдарының бірінен онлайн несие рәсімдеген. Өтініш берушілерге келтірілген жалпы шығын миллион теңгеден асты. Күдікті зардап шеккендердің біріне 900 мың теңгеге жуық сомаға несие рәсімдеген», делінген ведомство хабарламасында.
Тағы бірі онлайн сауда жасау жолымен пайда тапқысы келген. Тәртіп сақшылары осы дерек бойынша Қостанай қаласының 25 жастағы тұрғынын қолға түсірді.
«Коронавирус пандемиясы кезінде қорғаныс құралдарын сату арқылы заңсыз ақша таппақ болып, сайттардың бірінде резеңке қолғаптар туралы хабарландыру орналастырған. Оған елдің әр облысынан қоңыраулар түскен. Мысалы, Алматы облысының тұрғыны күдіктіге 36 мың резеңке қолғапқа тапсырыс беріп, бір жарым миллион теңгеден астам ақша жіберген. Тауар өтініш берушіге келмеген. Алаяқ СҚО мен Ақмола облыстарының тұрғындарынан 1 млн 30 мың теңге ақша алған», - дейді полицияның баспасөз қызметі маманы Кенже Қонысбай.
Қазір барлық деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.