ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары вакцина алған азаматтар бойынша статистика жүргізу ісін сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«4 мамырдағы жағдай бойынша бірінші компонентпен 1 млн 422 мың 204 адам, екінші компонентпен – 347 мың 774 адам егілді. Бұл туралы неге айтып отырмын? Дәрігер ретінде вакцинаның екі дозасын алған адамның ғана вакциналанғанын білемін. Басқалай мүмкін емес. Кез келген инфекционист осыны айтар еді. Сондықтан, екінші компонентпен 347 474 адамды қамту көрсеткішіне сүйене отырып, жыл соңына дейін 6 млн адамның вакциналанатынына сенім жоқ», - деді Мәжіліс депутаты Лариса Павловец жалпы отырыста.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі вакциналаудың жеткілікті қарқында жүріп жатқанын түсіндірді.
«Екінші компонент сөзсіз болады. Яғни, азаматтар бірінші компонентті жасаған соң, екінші компонент 21 күнде немесе максимум 45 күнде егіледі. Яғни, мұнда кез келген жағдайда біздің азаматтар екінші компонентті алады. Алғашқы компонентті салған соң, 15-ші күні де антидене пайда болатынын түсіну керек. Яғни, қорғауға мүмкіндік беретін алғашқы иммунитет 15-ші күннен бастап түзіле бастайды», - деді министр.
«Дегенмен, сіздің ұстанымыңыз қандай? Сіз бір доза ектірген адамды вакцинацияланған адам деп есептейсіз бе? Әлде екеуін де салдырған адамды айту керек пе? Бұл туралы нақты айта аласыз ба?»,- деп сұрақ қойды депутат министрге.
«Әрине, вакцинацияның толық курсы екі дозалы вакцина болса, екеуін де салдыру керек», - деді Алексей Цой. Министр соңғы мәліметтер бойынша 400 мың адамның екінші компонентті алғанын атап өтті.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин те мәселеге пікір білдірді.
«Сіз қазір 21 күн деп айттыңыз, ал орынбасарларыңыздың бірі шығып, 90 күн деді. Сіз де қазір максимум 45 күн деп отырсыз. Біз бәрін шатастырып жібердік қой. ( ... ) Бір ақпарат шығады, содан кейін басқа қызметкеріңіз шығып, мүлдем басқаша пікір береді, үшіншісі –мәселенің басқа қырынан қарайды. Халық та түсінбей дал болды.
Сіз бен біздің міндетіміз – осының бәрін ұйымдастыру. Президент сізге тапсырма берді. Жеткіліктіден де көп қаражат берілді. Мұның бәрі енді іс-әрекетке байланысты... 400 мың адам екінші компонент алғанын айттыңыз. Енді халықтың басын қатырмайық, екі вакцина десе, екеуін де еккендерді есепке алыңыздар», - деді Нұрлан Нығматулин.