27 қар, 2020 сағат 17:23

Бір аптада кезекші сыныптағы 129 оқушы коронавирус жұқтырған

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда қанша оқушы коронавирус жұқтырғаны туралы мәліметті бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Оқу жылының басынан бастап мектеп оқушылары арасында коронавирус жұқтырудың 1741 жағдайы тіркелді. Оның ішінде кезекші сыныптарға тіркелген балалар арасында 482 бала жұқтырған. Бұл офлайн режимдегі оқушылардың жалпы санының 0,05% құрайды. Одан бөлек қашықтан оқитын 1259 бала коронавирус инфекциясын жұқтырып алған», - деді Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша өткен аптада ғана 12 облыста кезекші сыныптарда оқитын оқушылар арасында 129 жағдай тіркелген. 

«Өкінішке қарай, халық қайтадан бейқамдыққа бой алдырып барады. Біз әлеуметтік арақашықтықты сақтамай, маска киюді қойдық», - деді Алексей Цой. 

Еске сала кетсек Алексей Цой бұған дейін «Қазақстанда желтоқсан немесе қаңтар айларында қатаң карантин шаралары енгізілуі мүмкін бе» деген сұраққа жауап берген болатын. 

«Апта сайын мәліметтерді зерттеп, алдағы кезеңдерге де болжам жасап жатырмыз. Қазір көріп отырғанымыздай, Қазақстанда карантин шараларын желтоқсан немесе қаңтар айларында енгізу мәселесі жағдайды қаншалықты бақылауда ұстай алатынымызға байланысты болады. Қазір коронавирус өршіген кейбір өңірде жұқтыру деңгейі төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Шығыс Қазақстанда мәселен жағдай реттеліп, жұқтыру деңгейінің төмендеу тенденциясын бақылаудамыз», - деді Алексей Цой.