22 қар, 2021 сағат 14:17

Бір аптада интернет арқылы алаяқтық жасаған 261 күдікті анықталды


Елімізде интернет арқылы алаяқтық жасаған 261 күдікті анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Интернет-алаяқтықтың алдын алу және ашу, оларды жасаған тұлғаларды анықтау әрі ұстау үшін республика аумағында 8-14 қараша күндері «Хай-тэк» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Бүгін оның нәтижелері туралы мәліметтермен бөліспекпін. Жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген 7 күннің ішінде шамамен 300 қылмыс тіркелді», - деді ол ІІМ баспасөз алаңында өткен брифингте. 

Оның атап өтуінше, іс-шара барысында бұған дейін жасалған 440 интернет-алаяқтық әшкереленді. 

«Жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген кезең ішінде мұндай қылмыс жасаған 261 тұлға анықталды. Оның ішінде 2-ден көп қылмыс жасаған 34 алаяқ ұсталды. Олар 287 интернет-алаяқтық жасаған», - деді Қанат Нұрмағамбетов.