11 мам, 2021 сағат 12:48

Бір аптада елімізде 3 мыңға жуық қылмыс жасалды – ҚР ІІМ


Елімізде бір апта ішінде 2 959 қылмыс жасалды, оның 1930-ы тәулік ішінде ашылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің апталық онлайн брифингінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдымен елдегі криминогендік жағдайға тоқталайық. Бір апта ішінде 2 959 қылмыс жасалды, оның 1930-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 9 кісі өлтіруді, 2 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 39 тонау және 503 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз министрліктің апталық брифингтінде. 

Бұған дейін ресми өкіл ШҚО-дағы алапат өрт жөнінде ҚР Қылмыстық кодексінің 204-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Ондағы құтқару жұмыстарына 300-ден астам полиция қызметкері мен 40-қа жуық арнайы техника жұмылдырылған.