Жыл басынан бері Қазақстанда 53 адам суда мерт болды. Бұл туралы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Спикердің айтуынша, шомылу маусымы 1 маусымда ресми басталады және 1 қыркүйекке дейін созылады.
«Өкінішке қарай, суға түсу маусымы басталмаса да, 53 адам қаза тапты, оның ішінде 26 бала бар. Жыл басынан бері су айдындарынан 38 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды. Әсіресе балалардың суда мерт болуы жағдйы көбейген. Былтыр осы кезеңде 18 бала мерт болса, биыл 26-ға жетті», - деді Бауыржан Сыздықов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Бір ғана өткен аптада 17-23 мамыр аралығында су айдындарында 12 адам, оның ішінде 2 бала суға батып көз жұмды.
«Суда қаза болудың басты себептері: жабдықталмаған, тыйым салынған жерлерде шомылу (25 жағдай), балаларды қараусыз қалдыру (18 жағдай), су қоймасына құлап кету және өз күшін дұрыс бағаламау (16 жағдай), жеке құтқару құралынсыз балық аулау (11 жағдай), кеудешесіз жүзу құралын (катамаранды) пайдалану және мас күйде суға түсу», - деп түсіндірді комитет төрағасы.
Айта кетейік, елімізде шомылуға рұқсат берілген 469 орын бар, оның ішінде 118 коммуналдық және 275 жеке жағажай белгіленген. Шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындар 2GIS картасында көрсетіледі.
Шомылу маусымы басталмай-ақ ереже бұзған 242 адам әкімшілік жауапқа тартылып үлгерді.