25 шіл, 2022 сағат 19:35

Білім гранты: Елімізде қандай квоталар қарастырылған?


Халықтың әлеуметтік осал топтарына бөлінетін білім гранттарының саны көбейтілді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5 пайызы қарастырылған. 

Кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға - 1 пайызы, сондай-ақ І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1 пайызы көзделген», - делінген министрлік мәліметінде. 

Сонымен қатар ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға және Қазақстан азаматтары болып саналмайтын ұлты қазақ адамдарға квота қарастырылған. 

«Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен I, II топтағы мүгедектігі барлар, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар арасынан шыққан азаматтар үшін квота гранттар санының 1 пайызын құрайды», - делінген хабарламасында.