11 қаң, 2021 сағат 12:55

Беташар, құдалық жасаған 35 түркістандық айыппұл төлейтін болды

Түркістан облысында беташар, құдалық, қыз ұзату сынды отбасылық мерекелер өткізген 35 адамға айппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, карантин режимі аяқталмаса да, шектеу шараларын елемейтіндер қатары азаяр емес. Жақындары мен туыстарының басын қосып, көпшілікке той беріп, жиын жасап жатқандар әлі де анықталуда. Оған қоса халық көп шоғырланатын орындарда бетпердесіз жүріп, өз өмірін қатерге тігіп жүргендер де баршылық.

Мәселен, Отырар ауданы Шәуілдір ауылында бірнеше жергілікті тұрғынның азық-түлік дүкеніне карантин режимін сақтамай кіргендігі анықталды. Тәртіп сақшылары аталған жайттарды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес тіркеп, құжаттарды заңды шешім шығару үшін тиісті органдарға жіберген. 

2020 жылдың соңына қарай 253 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде жеке тұлғалар - 209, отбасылық той-жиын жасағандар - 35 (беташар-17, құдалық-10, қыз ұзату-4, көкпар-2, бесік той-1, ас-1). 

«Карантин кезінде той-жиындар, басқосулар, отбасылық, мерекелік, ұжымдық іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салынған. Оған қоса бетперделік режим мен арақашықтықты үнемі сақтау міндеттеледі», - деп ескертеді облыстық ПД.