Қаңтар оқиғасының экстремизмге, криминалға және діни радикализмге ұласқанын көріп отырмыз. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы арқылы қаңтар оқиғасы бірнеше толқыннан тұрды деп сипаттауға болады. Бірінші толқында бейбіт митинг болды. Олар полициямен ешқандай қақтығысқа барған жоқ. Керісінше, билік бейбіт митинг өткізуге барлық мүмкіндікті жасады. Алайда митингіге шыққандардың қатарына түрлі экстремистер кіріп, олар наразылықты радикалды арнаға бұрып жіберді. Олардың арандатушылығынан бірінші қақтығыстар басталды және ол екінші толқын болды», - деді Берік Асылов.
Оның айтуынша, үшінші толқын кезінде көпшілікке криминалды бандылар қосылған. Осының салдарынан тонау мен нысандарды өрттеу басталды. Осы дүрбелеңді қарулы радикалдар пайдаланып, нақты шабуылдарды ұйымдастырды.
«Біз осыдан оқиғаның экстремизмге, криминалға және діни радикализмге ұласқанын көріп отырмыз. Егер мемлекет тарапынан нақты шешім болмаса, бұл толқындардан кейін басқа да салдар болуы мүмкін еді. Соңғы кезеңде билікті күшпен басып алуға барар еді», - деді Бас прокурор.