Қоғам қайраткері, оппозициядағы саясаткер Балташ Тұрсымбаев 76 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл хабарды әлеуметтік желіде оның серіктері жеткізді Ал "Дат" газетінің жетекшісі Ермұрат Бапидың айтуынша, саясаткер жүрек талмасы ұстап, кенеттен қайтыс болған, деп хабарлайды Азаттық.
1946 жылы Ресейдің Омбы облысына қарасты Кіші Боранкөл ауылында туған Тұрсымбаев 1991-1995 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі, Қостанай облысының әкімі, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрлігінің арнаулы тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған.
Ол елшілікте жүріп Қазақстан билігін қатаң сынады. Оның сыни пікірлері қоғам назарын аударып, өзі ықпалды саясаткерге айнала бастады. 1998 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Балташ Тұрсымбаевты Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы - Ред.) қайтадан Премьер-министр орынбасары қызметіне тағайындады. Алайда 1999 жылы қаңтарда президент сайлауынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өзі жеңіске жеткен соң қызметінен босатты.
Балташ Тұрсымбаев мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін оппозициялық күштердің қатарына қосылды. Ол көп жылдар бойы билікке сыншыл көзқарасымен танылып, қоғамдық саяси өмірге белсене араласты.