13 ақп, 2023 сағат 12:24

Белгілі ғалым Орал Ақшолақов дүниеден озды

Фото: kazenergy.com

Мұнай-газ саласындағы кеңестік және қазақстандық ғалым, жер қойнауын барлаушы, қазақстандық геологиялық барлаудың негізін салушылардың бірі, қазіргі энергетика министрі Болат Ақшолақовтың әкесі Орал Ақшолақов 87 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Ақпаратты Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі растады.

Орал Ақшолақов 170-тен аса жарияланған және қолжазба ғылыми еңбектердің, сондай-ақ Қазақстан мұнай энциклопедиясының екі басылымының авторы. Сонымен қатар, Прорва, Мартыши, Камышитовый, Жаңажол, Жетібай, Өзен, Тасболат, Кеңқияқ, Өріктау, Қарашығанақ және т.б. бірқатар мұнай-газ кен орындарын ашушы.

Орал Ақшолақұлы Ақшолақов 1936 жылы 16 маусымда Атырау қаласында дүниеге келген. 1958 жылы Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын "геолог" мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1958 жылы Батыс Қазақстан геологиялық басқармасы мен Гурьев кешенді аумақтық мұнай және газ барлау экспедициясының коллекторы болып бастаған. Бірнеше жыл геологиялық экспедицияларда жұмыс істеген.

2003 жылдан бастап Марабаев атындағы "Мұнайшы" қоғамдық қорының құрылтайшысы және Қамқоршылық кеңесінің мүшесі болған.