Фото: Almaty2014iwf.com
Белгілі қазақстандық ауыр атлет Владимир Седов өз үйінен өлі табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Жетісу облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"35 жастағы зілтеміршінің денесі Қаратал ауданы Достық ауылындағы тұрғылықты жерінен табылды. Денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ.
Марқұмның туыстарының айғақтарына қарағанда, ер адам өзіне қол жұмсаған.
Қазіргі уақытта өз-өзіне қол жұмсау дерегімен ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу") бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істі аудандық полиция басшылығы бақылауға алды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Владимир Седов – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қатысушысы, Қазақстан Республикасының төрт дүркін чемпионы, 2010 жылғы Қазақстан чемпионатының рекордсмені.
Ол 2016 жылдың шілдесінде допингпен ұсталды. Ал 2019 жылы 2008-2016 жылдар аралығындағы барлық титулы ресми түрде жойылды.