Минск тұрғыны Степан Латыпов сот залында қаламмен өзінің тамағын жаралады. Ол осының алдында қылмысын мойындамаса, құқық қорғау орган өкілдері туыстарының үстінен іс қозғайтынын айтып қорқытқанын жеткізген. Бұл туралы "Весна" құқық қорғау орталығы хабарлады.
Латыпов "ірі алаяқтық жасады", "қоғам тәртібін бұзды" және "милицияға бағынбады" деп айыпталып отыр. Ол былтыр тамыз айындағы президент сайлауының нәтижесіне қарсылық білдірген белсенділердің бірі.
Былтыр қыркүйек айында ұсталғаннан кейін Беларусь мемлекеттік телеарналары белсендінің милиция қызметкерлерін улау мақсатында шетелден химикат тасығандығы жайлы сюжеттер көрсетті. Қылмыстық іске бұл эпизод кірмеген.
Сейсенбі күнгі сот отырысы кезінде Латыпов 51 күннен бері "пресс-хатада" (түрме әкімшілігі өзіне ұнамаған тұтқындарды азаптау үшін осындай камераларды пайдаланады) жатқанын айтады. Азаттықтың Белорус қызметінің хабарлауынша, сот залындағы камерада отырған ол өзіне күзетшілер қолы жетпейтіндей аралықта тұрып, қаламды тамағына сұққан. Сақшылар торды жылдам аша алмаған, себебі сот приставында кілт болмай қалған.
- Минск мен Беларусьтің өзге ірі қалаларында шамамен жарты жылдан бері жаппай наразылық жалғасып келеді. Наразылар Александр Лукашенко алтыншы рет жеңімпаз деп жарияланған президент сайлауының ресми нәтижесін жоюды талап етеді.
- Билік наразылықты ауясыз басып-жаншыды. Ондаған мың адам ұсталып, мыңдаған адам қамалды. Оларға түрлі қылмыс бойынша айып тағылды.
- Батыс елдері президент сайлауының ресми нәтижесін мойындамай, Лукашенконы ел президенті ретінде таныған жоқ. Вашингтон оны оппозициямен диалог орнатып, жаңадан сайлау өткізуге шақырған.
- Азаттық