Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов орталық аппарат пен аумақтық органдардың жеке құрамымен кеңес өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды.
«Президент мемлекеттік органдардың елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тиімді жұмысының жеткіліксіздігіне байланысты қатаң сын айтты. Мемлекет басшысы айтқан кемшіліктердің бірі – жемқорлық», - деді Бектенов.
Антикор басшысы барлық бөлімше басшыларына жол құрылысы мәселесі бойынша дереу егжей-тегжейлі ақпарат беруді тапсырды.
«Біз барлық ірі мердігерлерді және олардың артында тұрғандарды білеміз. Республикалық және жергілікті жолдарды салу кезінде анық қателіктер туралы ақпарат бар. Басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп бұл мәселеде тәртіп орнатамыз. Бұл ретте адал бизнестің жұмысына араласуға жол беруге болмайды», - деп атап өтті Бектенов.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының баға белгілеуді бақылау, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жаңа ұлттық жобаларды әзірлеу мәселелеріне қатысты тапсырмалары талқыланды.