Алматы облысының Талғар аудандық соты бұрынғы шенеуніктер мен риэлторға Bek Air ұшағы апат болған Алматы әуежайының жанынан жерді заңсыз бөліп беру ісі бойынша үкім шығарды. Бұрынғы үш шенеунікке 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Қалғандары 2,5 жылдан 4 жылға дейін сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
2019 жылы желтоқсанда Алматы әуежайы маңында Bek Air ұшағының апатынан кейін әуежайға тым жақын орналасқан жер учаскелерінің заңдылығы тексерілген болатын. Тергеу барысында 5 шенеунік пен 1 риэлтор күдікке ілінді. Атап айтар болсақ, Рустам Тұрысбеков, Жарас Машимбаев, Медеу Қалыбеков, Берік Абдуллаев, Қайрат Алтынбекұлы, сондай-ақ делдал – риелтор Нұрайым Алданыш.
Бүгін оларға сот үкімі шықты.
Жер регистрі ғылыми-өндірістік орталығы Талғар аудандық бөлімінің бұрынғы бастығы Жарас Мәшімбаевқа 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шықты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған рақымшылыққа байланысты оның мерзімі бір жылға дейін қысқартылды. Нәтижиесінде 3 жыл шартты жаза тағайындалды.
Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Рустам Тұрысбеков кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға айыра отырып, 5,6 жыл берді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған рақымшылыққа байланысты оның мерзімі қысқартылды. Нәтижесінде ол 4,1 жылды қауіпсіздігі шектеулі колонияда өтеуі керек болады.
Бұрынғы Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы аймақтық бөлімі бастығының міндетін атқарушы Медеу Қалыбековке де 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы сот үкімі шықты. Рақымшылыққа байланысты ол 3 жыл шартты жаза арқалады.
Басқарманың Жерге орналастыру секторының бұрынғы бастығы міндетін атқарушы Берік Абдуллаевқа 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Рақымшылықтың арқасында оған 3 жыл шартты жаза қолданылды.
Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Қайрат Алтынбекұлы кінәлі деп танылды. Сот оны 6 жыл мерзімге мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, қауіпсіздігі шектеулі колонияда 4 жылын өткізуді бұйырды. Рақымшылыққа байланысты оның мерзімі қысқарып, колониядағы мерзімі 3 жыл деп тағайындалды.
Риэлтор Нұрайым Алданыш 5 жылға бас бостандығынан айырылып, қауіпсіздігі орташа колонияға жіберілетін болды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған рақымшылыққа байланысты оның мерзімі 2,6 жылға қысқарды.
Айта кетейік, бұған дейінгі процесте прокурор экс-шенеуніктерді, яғни, барлық сотталушыларды 4 жылдан 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсаныңда «Bek Air» әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады.
Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақ биіктікті сақтай алмай, бетон қоршауын бұзып өткен.
Артынша екі қабатты тұрғын үйге соғылды, 12 адам мерт болды, 69 адам зардап шекті. Оның 51-і ауруханаға түсті.