Алматыда өзін медицина қызметкері ретінде таныстырған әйел қамауға алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өзін медицина қызметкерімін деп таныстырған әйел баласы жоқ әйелдерді бедеуліктен емдеймін деп уәде берген.
Алайда, іс жүзінде Н. есімді азаматша 1986 жылы Қытайда туған, бұрын сотталған және іздеуде болған.
«Алматы облысындағы әріптестеріміздің Н. атты азаматшаны алаяқтық жасағаны үшін іздегені анықталды. Белгілі болғандай, сот билігінен жасырынып жүрген қылмыскер тағы бірнеше заңсыз әрекет жасаған. Өзін медицина мекемесінің қызметкері ретінде таныстырған ол азаматтарға бедеулікті емдеймін және гинекология саласындағы басқа да ауыр медициналық манипуляцияларды жүргіземін деп уәде беріп, ол үшін алдын ала сыйақы талап еткен. Зардап шеккендермен кездескен кезде өзін «Алтынай» деп таныстырған», – деді Түрксіб аудандық полиция басқармасы жанындағы бөлім бастығы Ерлан Аянбаев.
Қазір күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша жүргізілуде.
Полиция басқармасындағылар алаяқтық әрекет жасады деген күдікке ілінген әйелдің суретін жариялап, оның әрекетінен зардап шеккен азаматтар болса 295-54-61; 8-775-718-35-05 және 8-701-758-67-60 телефондар нөміріне хабарласуларын сұрайды.