Байқоңыр қаласында Қазақстанның 1 788 азаматы жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгінгі күні Байқоңыр қаласының халық саны 77 299 адамды құрайды, оның ішінде 49 541-ы – Қазақстан Республикасының азаматтары.
Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының ұйымдары мен кәсіпорындарында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының саны шамамен – 11 000 адам. Халықты жұмыспен қамту бөлімінде тіркелген Қазақстан Республикасының жұмыссыз азаматтары – 1 788 адам», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, 2020 жылға арналған республикалық бюджет және 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы аясында Қызылорда облысы бойынша жалақыны ішінара субсидиялауға (әлеуметтік жұмыс орындарына) 1 млрд теңге сомасында қаражат көзделген.
Бағдарлама аясында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға – 120 адамға 66,7 млн теңге сомасына мемлекеттік гранттар берілді, әлеуметтік жұмыстарға – 57 адам, жастар практикасына – 183 адам тартылды, қоғамдық жұмыстарға – 280 адам жіберілді. Тұрақты және уақытша жұмыс орындарына 1070 адам жұмысқа орналастырылды.
«Сондай-ақ Байқоңыр қаласы бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы 800 адам болды. Оның аясында халықты қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 10 адам жіберілді», - деді Асқар Мамин.