16 қар, 2020 сағат 14:05

Бәйдібекте ауыл тұрғыны көкпар өткізіп, оған 100-ге тарта адам қатысқан

Түркістан облысының полицейлері кезекті көкпар ұйымдастырушыларды жауапқа тартты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Тұрғындардың карантин талаптарын сақтауының алдын алу бойынша рейд тұрақты түрде өтіп жатыр. Осындай кезекті шара барысында Бәйдібек ауданының полицейлері карантин мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзған тұрғындарды анықтады. 

Бөген ауылдық округіндегі еркін жайылымдардың бірінде Бәйдібек АПБ қызметкерлері жергілікті тұрғынның ас беру құрметіне көкпар ұйымдастырғанын анықтады. 

Тәртіп сақшылары іс-шараға қатысушыларға карантин талаптарына бұзбау керектігін түсіндірді. Сондай-ақ шектеу шараларын бұза отырып, 100-ге жуық адамды жинаған көкпар ұйымдастырушыларын жауапқа тартты. 

Іс-шараны ұйымдастырушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материалдар тиісті заңды шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жіберілді. 

Естеріңізге сала кетейік, бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес Түркістан облысының аумағында халық арасында коронавирус инфекциясы таралмас үшін карантин режимі енгізілген. 

Облыста полиция қызметкерлерінен, СЭС және жергілікті атқарушы орган өкілдерінен тұратын мобильді топтар құрылды. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды карантин режимін қатаң сақтауға, медициналық бетперде киюге, антисептик қолдануға және әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырады. 

Сондай-ақ, егде жастағы тұрғындар мен балалар шұғыл қажеттіліксіз үйден шықпауы керек.