22 ақп, 2022 сағат 10:04

Байден, Макрон және Шольц Путиннің шешіміне жауап қайтаратынын мәлімдеді


АҚШ президенті Джо Байден, Франция президенті Эммануэль Макрон және Германия канцлері Олаф Шольц үш жақты келіссөз нәтижесінде Ресейдің ДХР мен ЛХР-ды тануына қатысты жауап беретінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Германия министрлер кабинетінің сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы федерал үкіметтің ресми өкілі Штеффен Хебештрайт мәлімдеді. Оның айтуынша, Германия, Франция және АҚШ басшылары Ресей президентінің шешімін айыптады.

"Канцлер Олаф Шольц АҚШ президенті Джо Байден және Франция президенті Эммануэль Макронмен Ресей президенті екі елді - Донецк пен Луганскіні ресми мойындағаннан кейін жағдайдың нашарлауы туралы сөйлесті. Үш сұхбаттаушы да Ресейдің бұл біржақты әрекеті анық Минск келісімдерін бұзу екеніне келісті", - делінген баспасөз хабарламасында.

Келіссөздер қорытындысы бойынша серіктестер елдің аумақтық тұтастығын сақтауға және шиеленістің алдын алуға бар күш-жігерін салуға келісті.

"Канцлер, АҚШ президенті және Франция президенті Украинамен ынтымақтастығын білдірді және президент Владимир Зеленский бастаған Украинаның осы уақытқа дейін жасаған сақтық әрекетін жоғары бағалады. Әріптестер Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қатысты міндеттемелерін әлсіретпеуге келісті", - делінген хабарламада.

Еуропалық Одақ Ресейдің ДХР мен ЛХР-ды мойындау шешіміне де реакция білдірді. Осылайша, Еуроодақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Ресейге өзін-өзі жариялаған республикаларды тануына жауап беруге уәде берді.

"Екі аумақты тану халықаралық құқықты, Украинаның аумақтық тұтастығын, сондай-ақ Минск келісімдерін өрескел бұзу. ЕО және оның серіктестері бұған Украинамен ынтымақтастықтың белгісі ретінде бірлік, беріктік және шешімділікпен жауап береді", - деп жазды Боррелль Twitter-де.

Еске салайық, бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин ДХР мен ЛХР-ды тану туралы жарлыққа қол қойып, Ресей әскеріне осы аумақтарда тыныштықты қамтамасыз етуді тапсырған болатын.