10 мам, 2022 сағат 12:00

Байден ленд-лиз туралы заңға қол қойды


9 мамырда АҚШ президенті Джо Байден ленд-лиз туралы заңға (Ukraine Democracy Defence Lend-Lease Act of 2022) қол қойды, ол Украинаға және қажет болған жағдайда 2022-2023 жылдары Шығыс Еуропа елдеріне қару-жарақ жеткізу процесін жеңілдетеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Голос Америки" басылымына сілтеме жасап.

Құжат мәтінінде бұл елдердің қорғаныс қабілетін нығайтуға және олардың бейбіт тұрғындарын шабуылдан немесе Ресейдің жалғасып жатқан агрессиясынан қорғауға көмектесу үшін жасалғаны айтылған.

Заң АҚШ президентіне қосымша өкілеттік береді. Енді Украинаға қорғаныс техникасын жеткізу және жалға беру туралы шешім АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне сай келсе, ұзақ бюрократиялық кезеңдерсіз қабылданады. Сонымен қатар, Украина америкалық жабдықтар мен қару-жарақтарды алу үшін алдын-ала төлем жасамайды, төлемді кейінге қалдыруға болады.

Бұған дейін заң жобасы америкалық Конгрессте екі партияның да қолдауына ие болған. Сенат оған 7 сәуірде, ал Өкілдер палатасы 28 сәуірде дауыс берді.

Бұл - АҚШ тарихындағы екінші "ленд-лиз". Бұл заң алғаш рет екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолданылып, Гитлер басқарған Германияны жеңуде маңызды роль атқарған. Заң 1941 жылы наурызда президент Франклин Делано Рузвельттің бастамасымен Гитлермен соғысып жатқан Ұлыбританияға көмектесу үшін қабылданды. Ал 1941 жылдың қазанынан бастап АҚШ несие туралы заң аясында Кеңес Одағына көмек көрсете бастады.