Баянауыл ауданында барымташылар сотталды. Олардың бірінің мерзімі полицейге қауіп-қатер төндіргені үшін ұзартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Баянауыл аудандық соты баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, екі жергілікті тұрғын ірі және аса ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін сотталды. Сондай-ақ, олардың біріне билік өкіліне қатысты күш қолданды деген айып тағылды.
Сот анықтағандай, 2018 жылдың 3 маусымында белгісіз тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы сотталғандардың бірі 5,6 млн теңгеге 18 жылқы ұрлаған.
Ал 2019 жылдың 5 шілдесінде сотталғандар құны 2,6 млн теңге болатын жеті жылқыны ұрлап кеткен.
2019 жылдың 9 қыркүйегінде 18 жылқыны ұрлаған адам қызметтік міндеттерін атқарып жүрген полиция қызметкерінен жасырынуға тырысып, күш қолдану арқылы пышақпен қорқытқан.
Прокурор оған қатысты ұрлық жасағаны және полиция қызметкеріне қауіп төндіргені үшін 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды, ал екінші мал ұрлығына қатысты бар адамға 3,5 жыл тағайындауды сұрады.
Бірінші сотталушы кінәсін ішінара, ал екіншісі толық мойындады. Екеуі де өздерін бас бостандығынан айырмауды сұрады.
- Нәтижесінде қылмыстың ауырлығы мен бірнеше рет жасалғанын ескере отырып, бірінші айыпталушыға орташа қауіпсіздік мекемесінде 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал екіншісі жәбірленушіге келтірілген залалды толық өтегенін және бес баланы (олардың біреуі мүгедек) өзі жалғыз бағып отырғанын ескеріп, пробациялық бақылауды белгілей отырып, 4 жылға бас бостандығын шектеу тағайындалды, - делінген ведомство хабарламасында.