07 жел, 2020 сағат 20:45

Батыс Қазақстанда сібір елігін атқан браконьерлер ұсталды

Батыс Қазақстан облысында сібір елігін атқан браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан түскен мәліметке қарағанда, өңірде осындай екі оқиға тіркелді. 

Инспекция қызметкерлері Ақжайық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің инспекторлары және Ақжайық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесе жүргізген рейд барысында Ақжайық ауданы Көнеккеткен ауылдық округі аумағындағы орман алқабында заңсыз аң аулау дерегін ашты. Төрт адамнан тұратын браконьерлер тобы қолға түсті. Оқиға орнынан оқтың іздері бар екі сібір елігінің ұшасы, атылған 6 дана гильза, «ИЖ-43» маркалы аңшы мылтығы тәркіленді. Ұсталғандардан жауап алынды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 337-бабы 3-бөлігіне (заңсыз аулау) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. 

Тағы бір осыған ұқсас оқиға Бәйтерек ауданы аумағында болды. Инспекция қызметкерлері мен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс Қазақстан филиалы инспекторлары, сондай-ақ БҚО полиция департаменті патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен бірлескен шара барысында Орал-Атырау жолының 67-шақырымында Бударин мемлекеттік зооқорығында заңсыз аң аулады деп күдікке ілінген төрт адам отырған екі автокөлік ұсталды. 

Оқиға орнынан тіркелген 4 аңшы мылтығы, оқ-дәрілер, балта, пышақ, трос және жеке заттар тәркіленді. Жолдан алыс емес жерден полиэтиленді қапқа бөлшектеліп салынған жануар (алдын ала жорамал бойынша сібір елігінің) еті табылды. 

Оны браконьерлер қашқан кезде автокөліктен лақтырып үлгерген. Автокөліктер Бәйтерек ауданы полиция бөлімінің тұрағына қойылды. 

Бұл дерек бойынша да ҚР ҚК 337-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу жүргізілуде.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі осы екі қылмыстық іс бойынша браконьерлердің анықталғанын жеткізді. 

Олардан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынды. Қазіргі кезде сараптама тағайындалып, тергеу жалғасуда.