Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баспана кезегін реттеу ісінде ашықтық қалай қамтамасыз етілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Отбасы банкі» болып қайта құрылды және оның базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жасақталды. Осы орталық, тұрғын үйге мұқтаждардың есебін жүргізуді, сондай-ақ тұрғын үйді бөлуді тұрғын үйдің қолжетімділік сатысына сәйкес, тізімге енгізілген күні бойынша кезекте тұрғандар арасында бір орталықтан жүзеге асыратын болады», - деді министрдің бірінші орынбасары.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорларын бір ортаға тоғыстыру арқылы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің жолын кесетін болады.
«Базаға қайта енгізуге жол берілмейді. Азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға бір рет қана қатыса алады», - деді Қайырбек Өскенбаев.