14 сәу, 2021 сағат 10:47

Баспана бағасы қашан арзандайды – министрлік жауап берді

Зейнетақы жинақтарының есебінен үй алатын адамдардың азаюына байланысты алдағы екі айда бағаның өсуі тоқтайды. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ол жаңа бағдарлама (зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу) іске қосылғаннан кейін үйдің бағасы өсе бастағанын атап өтті. Яғни, қаңтар айында жаңа үйдің бағасы 3 пайызға өссе, бұрын салынған үйлер 5 пайызға қымбаттаған.

"Біз апта сайын жылжымайтын мүлік бағасын бақылап отырамыз. Жаңа бағдарлама енгізілгеннен кейін тұрғын үй бағасы көтеріле бастады. Бастапқы нарықтағы тұрғын үй құны қаңтарда 3 пайызға, қайталама нарықтағы тұрғын үй 17 пайызға қымбаттады. Наурызда бағаның өсуі тоқтады. Біріншісі 0,5 пайызға, ал екіншісі екі пайызға қымбаттады. 

Сол себепті қазір сәуір мен мамыр айында бағалардың өсуі тоқтап, маусым-шілде айынан бастап тұрақтылық болады деп ойлап отырмыз", – деді Өскенбаев.

Алайда вице-министр бағаның өсуі тек тоқтайтынын ғана жеткізді. Бұрынғы деңгейге түсетініне ешкім кепілдік бере алмайды. Оған қоса, Қазақстанда біраз құрылыс материалдары шығарылса да, шыны, санфаянс, түсқағаз сияқты өнімдер толығымен шетелден жеткізіледі.

Ал арматураны өз елімізде шығаруға мүмкіндік бар. Бірақ қара металдың басым бөлігі шетелге кетіп жатады. Осы шикізат өзімізде қалса, бағаны да реттеуге болады.

"Биыл Қызылордада шыны зауытының құрылысы аяқталса, осы өнім толығымен өзімізде шығарылады. Санфаянс пен түсқағазды да шетелден әкелеміз. Осы жылы "Самұрық-Қазынамен" бірігіп, инвесторларды іздеп, осы зауыттардың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Сосын жылу өткізбейтін материалдардың 62 проценті импортталады. Оны да биыл 100 процент өзімізде шығаруды жоспарлап қойдық. Осындай зауыттар ашылады. Сол уақытта ғана үйлердің бағасы арзандайды деген сенім бар", – деп атап көрсетті Өскенбаев.

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы да бағаларға жүргізілген талдау әлем бойынша құрылыста пайдаланылатын шикізат пен материалдар бағасының өскенін көрсетті деп отыр. 

«Жылжымайтын мүліктің өзіндік бағасында еңбек ресурстарының құны өте үлкен үлеске ие. Қазақстандағы орташа жалақы статистикасына қарасақ, 2020 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша 233 136 теңге болды. Бүгін ресми статистика шықты. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша номиналды орташа жалақы шамамен 11 пайызға өсті. Тиісінше, краншылардың, монолит құятын қызметкерлердің, әрлеушілердің еңбегі жылжымайтын мүліктің бастапқы нарығына әсер етеді. Біз өз тарапымыздан талдау жүргізіп, жылдың екінші жартысында, бұған дейін болжағанымыздай, мамырдың соңы мен маусымның басынан бастап баға нарығы тұрақтанады деп ойлаймыз», - деді Ләззат Ибрагимова.