11 шіл, 2023 сағат 17:37

Балық браконьерлерінің 80 пайызға жуығы – жұмыссыздар

Фото: © Sputnik / Andrey Aleksandrov

Браконьерлікке баратындардың 80%-ға жуығы жұмыстың жоқтығынан заңсыз әрекетке барады. Бұл туралы әкімшілік полиция комитеті табиғат қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Жармағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Балық браконьерлігі бойынша талдау жасалды. Басты себеп - азаматтардың экологиялық әдебінің төмендігі. Азаматтар оңай ақша табу жолында қоршаған ортаға қандай залал келетінін түсінбейді. Браконьерлікке екінші себеп - жұмыссыздық. Қылмыстық жауапқа тартылатын браконьерлердің 80%-ға жуығы - жұмыссыздар. Сонымен қатар заңсыз балық аулау әрекетімен күресу мақсатында құзырлы органдармен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның бірі - қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске өзгерістер енгізу жағы пысықталып жатыр», - деді Әлішер Жармағамбетов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің мәліметінше, жыл басынан бері Атырау, БҚО және Маңғыстау облысында жүргізілген рейдте 70 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген.

«Атап айтқанда, 13 заңсыз балық аулау, 3 аңшылық, 54 сирек кездесетін және жойылуға жақын қалған аңдарды аулау фактісі анықталды. Нәтижесінде 1 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді ол.