18 шіл, 2022 сағат 16:10

Балқаш ауруханасындағы сұмдық жағдай: науқастың әйелі шындықты айтты


Жансақтау бөлімінен қашып шыққан ер адамның есімі - Қанат. Ол 58 жаста екен. Науқастың әйелі – Шынар болған жағдайдың барлығын бүкпесіз баяндап берді, деп хабарлайды Экспресс К

Науқастың әйелінің айтуынша, оның күйеуі Балқаштың орталық ауруханасына 14 шілде күні түскен.

"Ол қатты қалтырап терледі. Бүкіл төсегі дымқыл болды. Одан кейін ауруханаға апарды. Келесі күні дәрігер қан қысымының өте төмен екенін, оны көтере алмай жатқандарын айтты. Біз Қарағандыға жіберуді өтініп едік, бірақ олар бас тартты. Өйткені, аппараттар өшірілсе өлетінін айтты", — дейді Шынар.

Кейін дәрігерлер сырқаттанған ер адамның туыстарына тағы да жағымсыз жаңалықты жеткізген.

"Емдеуші дәрігер, фамилиясы есімде жоқ, күйеуімде онкология, яғни асқазанында ісік барын және қазірдің өзінде іріңге толып кеткенін ашық айтты. Сондықтан жақсылыққа үміт артпаңыз дегендей сыңай танытты. Емдеуші дәрігер де, меңгеруші де оны соңғы рет көруімізге рұқсат бермеді", — дейді әйелі.

Осылайша жаны қиналған Қанат жансақтау бөлімінен жалаңаш күйде қашып кетеді. Кейін көшеде кездескен такси жүргізушісіне жағдайын айтып, өзі айтқан мекен-жайға жетіп алған екен. Қазіргі таңда науқас медициналық сараптамадан өтіп жатыр. Таяуда Қарағанды қаласына барып қайта қаралмақ. Ал аталған шулы жағдайға қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының Балқаш аймақтық өкілдігі мынадай хабарлама жариялады.

"Аталған науқас Балқаш қаласының орталық ауруханасына ауыр жағдайда жеткізілді. Науқастың қан қысымы сол сәтте өте төмен деңгейде болғандықтан дереу реанимацияға ауыстырылды. Шұғыл медициналық көмек көрсетілгеннен кейін науқастың жағдайы тұрақталды. Мамандар (іш құрылысына КТ және ФГДС) тексеріп, нәтижесінде аурудың асқынғанын және жағдайы қайта нашарлауы мүмкін екенін ескертті. Аурухана әкімшілігі азаматтың туыстарына науқастың денсаулығын назарға алуды және теріс ақпаратты жариялауға жол бермеуге шақырады", — делінген хабарламада.