25 қар, 2020 сағат 15:35

Баланы ұрып тәрбиелеуге қарсымын – депутат

IX Азаматтық форумда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының негізгі мақсаттарын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қаралады дегенде, тұтас қоғам серпін алды деуге болады. Бұл отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастардың қандай маңызды екенін тағы да көрсетеді. Әр адам өз отбасының сақталып қалуын, жеке шегі болғанын қалайды. Мен баланы шапалақпен ұруға қарсымын. Баланы қатыгездікпен тәрбиелеуді дұрыс деп санамаймын», - деді депутат IX Азаматтық форумның «Азаматтық қоғам зорлық-зомбылыққа қарсы» алаңында. 

Оның айтуынша, отбасындағы қатал тәрбие мен мейірімсіздік балалардың өз-өзіне қол жұмсауы секілді қайғылы салдарға әкеп соғуы мүмкін. 

«Соңғы зерттеулер көрсеткендей, үйде ұрып-соғатын балалардың 25%-ы жәбірлеуші болып шығады. Қаншама балалардың суицидтен көз жұмғанын да білеміз. Суицидтің басты себебі не – көбінесе отбасындағы жағдай, тұйықтық, қатал тәрбие. Мен дағдарыс орталығына келетін әйелдерді көрдім, таяққа жығылған ана, үрейленген балалар. Балалар дағдарыс орталығында көңілдері жайланып, ешкім оларға айқайламайды, жағдайын жасайды. Бұл балалар өз үйінде дәл осындай жағдайда өсуі тиіс еді. «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының негізгі мақсаты – тұрмыстық қорлық-зомбылық оқиғаларын азайту және агрессордың әрекетін шектеу», - деп түсіндірді И. Смирнова.